Жүйеге кіру
ЕЭК Кеңесі органикалық химиялық қосылыстардың жекелеген түрлеріне арналған бажды азайтты

ЕЭК Кеңесі органикалық химиялық қосылыстардың жекелеген түрлеріне арналған бажды азайтты

03.11.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің Бірыңғай тауар номенклатурасында органикалық химиялық қосылыстардың кейбір түрлерін бөліп көрсетуге және соларға қатысты кедендік әкелу баждарының ставкасын азайтуға шешім қабылдады. Атап айтқанда, Ресей Федерациясының бастамасы бойынша анилиннің бірқатар туындыларына, сондай-ақ N-фенил-п-фенилендиаминге арналған баж 5%-дан 0%-ға дейін азайтылатын болады.

ЕАЭО-да өндірісі жоқ анилиннің туындыларына және олардың тұздарына қатысты нөлдік ставка аталған заттардың тапшылығын толтыру үшін белгіленген. Бұл ретте N-метиланилин үшін отандық өндірушілерді қорғау мақсатында 5%-дық баж сақталады. Қосылыс жеткілікті шамада өндіріледі және бензиннің қажетті детонациялық қасиеттерін алу мен оның экологиялылығын арттыру үшін, сондай-ақ бояғыштар, полимерлер мен гербицидтер өндірісі кезінде аралық органикалық синтез және аралық шикізат ретінде пайдаланылады.
ЕАЭО-да негізінен синтетикалық каучук әзірлеу кезінде пайдаланылатын N-фенил-п-фенилендиамин өндірісі де жоқ. Бұл ретте өзге де хош иісті полиаминдер өндірісі дамыған. Сол себепті N-фенил-п-фенилендиамин ставкасы азайтылады, ал қалған заттар үшін бұрынғы деңгейінде сақталады.
 
«Қабылданған шаралар ЕАЭО-ның ішкі нарығында шикізат тапшылығын толтыруға, қаралып отырған органикалық химиялық қосылыстардан шығарылған дайын өнімнің өзіндік құнын азайтуға, сондай-ақ химия саласы кәсіпорындарын қолдауға бағытталған», — деп түсіндірді шешімді Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарян.

Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.