Жүйеге кіру
Қазақстан Республикасында «Еуразиялық цифрлық платформалар» конкурсы жартылай финалының жеңімпаздары анықталды

Қазақстан Республикасында «Еуразиялық цифрлық платформалар» конкурсы жартылай финалының жеңімпаздары анықталды

03.07.2018

Қазақстандағы «Еуразиялық цифрлық платформалар» инновациялық жобаларының жыл сайынғы халықаралық конкурсының жартылай финалының жеңімпаздары Apilog.kz жүк тасымалдарын, логистиканы, трансшекаралық сауданы цифрландыруға арналған бұлтты сервис,  «Мемлекеттік сатып алуларда тәуекелдерді анықтау» мемлекеттік сатып алуларды жоспарлау, ресімдеу және ақы төлеу кезіндегі экономикалық және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау жүйесі, Smart Satu өндірушілер, дистрибьюторлер мен сауда нүктелері үшін  Ь2Ь-платформа және балаларды кулинарияға үйрететін «Маша және Аю: асты бірге пісіреміз» ойыны  жеңімпаз болды.

Қазақстан Республикасында конкурстың жартылай финалы Астанада өтті. Ол  Astana Hub IT- стартаптар халықаралық технопаркінің ашылу шеңберінде өткізілді.

«Қазақстан Республикасындағы жартылай финалдың барлық қатысушылары үшін, олардың жеңімпаз болғанына немесе болмағанын қарамастан, маңызды нәтиже - әртүрлі синергетикалық әсерлердің жиынтығы  болатынына күмәнім жоқ,- деп мәлімдеді ЕЭК-тің Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Карине Минасян.- Бұл жаңа таныстық, соның ішінде сарапшылардың жобалармен танысуы, жаңа әріптестік, белсенді нетворкинг. Қазіргі уақытта әрбір инновациялық команданың күші оның мүшелерінің құзыретінде ғана емес, сонымен бірге олардың әрқайсысы орната білетін байланыста, техникалық шешімдер саласындағы да, сол сияқты бизнес-модель саласындағы да идеялар алмасуда».

«Еуразиялық цифрлық платформалар» конкурсына Қазақстан Республикасынан  50-ге жуық жоба қатысты.Олардың өтінімдерін Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) бес мемлекетінің цифрлық экономика мәселелері жөніндегі 200-ден астам сарапшысы қарап, бағалады.Сарапшылық жұмыстардың қорытындысы бойынша Қазақстандағы конкурстың жартылай финалына 12 жоба шықты, ал жеңіске солардың төртеуі ие болды.Олар  конкурстың «Еуразиялық апта» форумы шеңберінде қазан айының соңында Ереванда өтетін финалына қатыса алады. Жеңімпаздардың алдынан мемлекетаралық және мемлекеттік қолдаудың, инвестициялар тартудың және жетекші цифрлық корпорациялардан, венчурлық қорлардан, акселераторлардан, салалық қауымдастықтардан өзге де нысанда көмек алудың жаңа мүмкіндіктері ашылады.

«ЕАЭО-ның цифрлық болашағы» номинациясында Apilog.kz. жобасы жеңді.

Apilog.kz – бұл зияткерлік бағдарлау және жүкқұжаттарды қадағалау функциялары бар жүк тасымалдарын, логистиканы, трансшекаралық сауданы цифрландыруға арналған бұлтты сервис.

 Жоба ЕАЭО-ның  көлік дәліздерін және трансшекаралық сауданы дамытуға ықпал етуге арналған. Ол оңтайлы маршруттар құру және жол-сапар қағаздарын тудыру, шынайы уақытта жеткізуді қадағалау міндеттерін шешеді, сондай-ақ логистика процестерінің (көліктік қызметтер көрсетудегі баға белгілеу, логистерді бақылау)  ашықтығын қамтамасыз етеді және  электрондық құжат айналымын қолдайды.

Мәнеттендіру жазылым арқылы жүзеге асырылады.Жоба логистика және трансшекаралық сауда нарығы ойыншыларын шоғырландыру сатысында тұр. 2018 жылы платформаны Qoovee.com  халықаралық сауда алаңына ендіру, 2019 жылы – Ресей Федерациясына және Беларусь Республикасына масштабтау жоспарланған.

Жоба командасын Қазақстан Республикасындағы курьерлік және көліктік компанияларды автоматтандырудың, ТМД ритейлерлері үшін соңғы мильдің логистикасын оңтайландырудың бес жылдық тәжірибесі бар Думан Байымбетов басқарады.

«ЕАЭО цифрлық күн тәртібін іске асыру үшін таңдаулы технологиялық шешімдер» номинациясында «Мемлекеттік сатып алуларда тәуекелдерді анықтау» жобасы жеңді

«Мемлекеттік сатып алуларда тәуекелдерді анықтау» - бұл бағдарламалық қамтамасыз ету, машиналық оқыту алгоритмдері мен үлкен деректерді талдауды қолдана отырып, мемлекеттік сатып алуларды жоспарлау, ресімдеу және ақы төлеу кезіндегі экономикалық және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтаудың талдамалы жүйесі.

Оның мақсаты: ЕАЭО мемлекеттерінің кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік сатып алуларға қатысудың тең мүмкіндігін қамтамасыз ету, Одақ аумағында көлеңкелі экономикаға кешенді қарсы әрекет жасау және  экономикалық процестердің тиімділігін арттыру.

Жүйеде қолданылатын әдістеме бірқатар бөлігі автоматты түрде анықталған 40-қа жуық тәуекелдерді қамтиды. Жүйе  ашық және/немесе  тапсырыс берушіде бар ақпарат көздеріне (дерекқор, ақпараттық жүйелер, Excel-кестелер және т.б.) қосылады және ертерек кезеңдерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен болуы мүмкін экономикалық қылмыстар туралы сигнал береді, бұл оларды анықтау мен жолын кесуге жұмсалатын уақыт, еңбек және қаржы шығындарын қысқартады.

Жоба ЕАЭО елдерінде ішкі аудит, мемлекеттік корпорациялардың қауіпсіздігі қызметтерінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтерде пайдалануға бағдарланған. Жүйені мемлекеттік органның жұмысына ендірудің орташа мерзімі 1,5 айды құрайды. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жүйені қазірдің өзінде пайдалануда.

Жобаны әзірлеуші - «Керемет IT» ЖШС компаниясы. Команданың көшбасшылары -  компанияның негізін салушы, Keremet Analytics практикасының жетекшісі Виталий Тренкеншу (сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет процестерін автоматтандырудың он жылдық тәжірибесі) және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қаржы полициясы органдарында жұмыс істеген 15 жылдық тәжірибесі бар консультант Асқар Асқабжан.

«ЕАЭО таңдаулы цифрлық жобалары» номинациясында Smart Satu жобасы жеңді.

Smart Satu -  бұл өндірушілерді, дистрибьюторлерді, сауда нүктелерін (тапсырыстар, төлемдер, логистика) біріктіретін және олардың шығыстарын оңтайландыратын мемлекетаралық  Ь2Ь-платформасы.

 Жоба тауарлар мен қызметтер көрсетудің қажетсіз қосымша құнын қысқартуға, осының есебінен олардың бағасын төмендетуге,  тұтынушылар үшін  тауарлар мен қызметтер көрсетуге қол жеткізуді арттыруға, сондай-ақ сауда компанияларына операциялық процестерді оңтайландыру мүмкіндігін ұсынуға арналған. Жергілікті компаниялар  платформаның арқасында өз өнімдерін өткізудің қосымша нарықтарын таба алады.

Smart Satu Ь2Ь-сату нарығын толық цифрлауға,  барлық қатысушы мемлекеттердің басшылығы үшін терең талдама ұсынуға қабілетті. Smart Satu қазірдің өзінде Қазақстан Республикасында, Ресей Федерациясында, Беларусь Республикасында, Қырғыз Республикасында жұмыс істеуде. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кірістер комитетімен Smart Satu платформасының барлық қатысушылары үшін салықтық преференциялар туралы мәселе пысықталуда.

Жүйе 556 қосылған өнім берушілерді,  2 100 белсенді сауда нүктесін, 90 000-нан астам тауар позициясын  есепке алған. Жүйе арқылы айналым бойынша орташа өсім – ай сайын 20%.

Жоба үш жылдан бері іске асырылып келеді. Осы уақыт ішінде ол 5 млн. доллардан астам инвестиция тартты. Жобаның жетекшісі -  Болатбек Оспанов.

«ЕАЭО цифрлық күн тәртібі тақырыбына арналған балалар мен жасөспірімдер үшін таңдаулы ойын» номинациясында «Маша және Аю: асты бірге пісіреміз» жобасы  жеңді.

«Маша және Аю: асты бірге пісіреміз» - бұл балаларды кулинарияға үйрететін, «Маша және Аю» мульфильміндегі сүйікті кейіпкерлерімен интерактивті өзара іс-қимыл процесінде жүзеге асырылатын ойын.

Модель: Free to play. Мәнеттендіру ойынішілік жарнаманың, ойынішілік сатып алу, қосымша контент пен жарнаманы өшіру сервисі есебінен жүзеге асырылады. Google Play-де ойын 1 млн.астам жүктелген, пайдаланушылардың орташа бағасы – 4,5. Жобаға Наджибулла Ғабибулла жетекшілік етеді.