Жүйеге кіру
Үкіметаралық кеңес ЕАЭО-ның цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін қалыптастыру жоспарын бекітті

Үкіметаралық кеңес ЕАЭО-ның цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін қалыптастыру жоспарын бекітті

02.02.2020

Бұл шешім 31 қаңтарда Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында қабылданды.

Жаһандық көлік-логистика платформаларымен интеграцияны көздей отырып, ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін 2025 жылға қарай қалыптастыру жоспарланып отыр.

Жоспар ұйымдастыру іс-шараларын, ұлттық және ұлтүсті деңгейіндегі іс-шараларды қамтиды. ЕАЭО мемлекеттері ұйымдастыру іс-шаралары шеңберінде жоспарды іске асыруға жауапты уәкілетті органдарды (ұйымдарды) айқындауға тиіс. Олар құзыреттің ұлттық орталығы, экожүйені қалыптастыру жөніндегі үйлестірушілер болуға тиіс.

Ұлтүсті деңгейінде Одақ елдеріне экожүйенің қандай элементтері мен сервистері бірінші кезекте болу керектігін айқындау ұсынылады. Бұл ретте бақылау-қадағалау функцияларын іске асыруға байланысты бірқатар сервисті мемлекет қана бизнеске ұсынуға тиіс. Ал Комиссия уәкілетті органдардың трансшекаралық өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді. Ендірілетін сервистердің кейбіреуін бизнес бере алады. Бұл үшін Комиссия жалпы стандарттарды дайындауды және қабылдауды қаржыландырады.

Одақ елдерінің Премьер-министрлері бірінші кезектегі сервистерді айқындағаннан кейін және оларды іске асырудың нақты механизмдерін таңдаған соң ЕАЭО мемлекеттері экожүйені қалыптастыру бойынша ұлттық жоспарларын әзірлеуді қамтамасыз етеді деп шешім қабылдады.

Экожүйені қалыптастыру автокөліктің бос тұрып қалу уақытын 30%-ға дейін азайту үшін жағдай жасайды деп күтілуде. Сондай-ақ экожүйе деректер ағындарын талдау арқылы қосымша нәтиже алуға: көлік-экономика балансын құруға, «тар жерлерді» анықтауға, көлік ағындарын болжауға, басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік береді.​