Жүйеге кіру
ЕҮАК қорытындылары: ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі шеңберінде жобаларды іске асыру механизмдері бекітілді, Кеме қатынасы туралы келісімге қол қойылды

ЕҮАК қорытындылары: ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі шеңберінде жобаларды іске асыру механизмдері бекітілді, Кеме қатынасы туралы келісімге қол қойылды

01.02.2019

Еуразиялық экономикалық одақтағы (ЕАЭО) цифрлық күн тәртібінің, экономиканың, энергетиканың, халықаралық ынтымақтастықтың, макроэкономиканың және интеграцияның мәселелері 1 ақпанда Алматыда (Қазақстан Республикасы) өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында талқыланған негізгі тақырыптар болды.


Үкіметаралық кеңес мүшелері ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі шеңберіндегі жобаларды іске асыру механизмдерін бекітті, 2018 жылғы Одақ елдері арасындағы өзара сауданың жай-күйін, мүше мемлекеттердегі макроэкономикалық ахуалды қарады, ЕАЭО-ның ортақ газ нарығын қалыптастыруды талқылады. Кеме қатынасы туралы келісімге қол қойылды. Интеграциялық процестерді тереңдетуге бағытталған басқа да бірқатар шешімдер қабылданды.


Үкіметаралық кеңес ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі шеңберіндегі жобаларды іске асыру механизмдерін бекітті.

Механизмдер Одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберіндегі жобаларды іске асырудың уақытша тәртібін айқындайды. ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян атап көрсеткендей, бұл механизмдер Одақтың цифрлық күн тәртібін одан әрі іске асыру үшін қажет. Олар кооперацияның жаңа нысандарын құруға және ұлттық құзырет орталықтарының дамуына әкеледі. «Жобаны іске асыру үшін барлық тараптардың келісуі болуға тиіс. Жобаның кейін ЕЭК Кеңесі деңгейінде бекітілетін паспорты әзірленуде. Осыдан кейін ЕЭК Алқасы техникалық тапсырма қалыптастыруға және ол үшін орындаушыларды іріктеуге тиіс», - деп түсіндіріп берді Тигран Саркисян.

Комиссия құзырет орталықтарының Еуразиялық желісі форматында Одақ шеңберінде осындай құзырет орталықтарының өзара іс-қимыл моделін пысықтап болды және тараптарға талқылауға жіберді.
Жобаларды іске асыру үшін шешімдер қабылдаудың негізгі деңгейлері айқындалған.

Одақ елдерінің мемлекеттік билік органдары мен ұйымдары, мүше мемлекеттердің құзырет орталықтары, ЕЭК және басқа субъектілер жобаның қатысушылары болып табылуы мүмкін. Жоба оны мүше мемлекеттердің барлығы мақұлдаған кезде, оған кем дегенде үш ел қатысқан кезде іске асырылады.

Механизмдер Одақ кеңістігінде экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етеді, құзырет орталықтары желісі арқылы мемлекет пен бизнес арасында кооперацияның жаңа нысандарын құрады, сондай-ақ күрделі және бөліп берілген жобалармен жұмыс практикаларын тұжырымдауды қамтамасыз етеді, Одақ шеңберінде цифрлық құзыреттер мен сараптамалардың қалыптастырылуына және жинақталуына ықпал ететін болады.

Үкіметаралық кеңес мүшелері ЕАЭО-ның ортақ газ нарығын қалыптастыру мәселесін қарады.
ЕҮАК отырысының қорытындылары бойынша баспасөз брифингінде сөйлеген Тигран Саркисян Үкіметаралық кеңес мүшелері газ транзитіне баға белгілеудің сезімтал мәселесін талқылағанын да хабарлады. Тараптар бұрынғысынша ымыраға келе алмады. Сонда да 2018 жылғы желтоқсанда ортақ газ нарығын қалыптастыру бағдарламасы бекітілгеннен кейін ЕЭК оны орындаумен байланысты және оны қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарымен жұмысты бастады. «Бағдарлама газ тасымалдау жүйелеріне қол жеткізудің бірыңғай қағидалары, газды биржалық сатуды жүзеге асыру тәртібі және ортақ газ нарығындағы сауда тәртібі сияқты бірқатар тұжырымдамалық құжаттарды әзірлеуді көздейді. 2025 жылға қарай ортақ газ нарығы жұмыс істей бастауы үшін біз бұл құжаттарды кезең-кезеңімен бекітуге ұсынуды бағамдап отырмыз», - деді ЕЭК Алқасының Төрағасы.

Үкіметаралық кеңесте ұлтүсті кәсіпорындарын құру мәселесі қаралды.
Комиссия Үкіметаралық кеңес мүшелеріне бірнеше мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін және бір бренд аясында біріккен өнім шығаратын ұлтүсті компанияларын құрудың озық тәжірибесін ұсынды.
«Бұл тәжірибе біз үшін маңызды, - деп атап көрсетті ЕЭК Алқасының Төрағасы. - өйткені Еуразиялық бренд тұжырымдамасы және бірлескен Еуразиялық жобаларды іске асыру бүгінде өзекті міндет болып табылады. Біз Одағымыздағы интеграциялық процестерді ынталандыра алуы мүмкін Еуразиялық брендтер үшін құқықтық өріс құруға да мүдделіміз».

Үкіметаралық кеңес Комиссияға ЕАЭО үшін пайдалы аспектілерін қолдану мақсатында бұл тәжірибені зерделеу жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Үкіметаралық кеңес отырысы шеңберінде ЕАЭО елдері Кеме қатынасы туралы келісімге қол қойды.
Бұл Одақ үшін маңызды құжат, ол мүше мемлекеттерге бірыңғай көлік кеңістігін, су көлік қызметтерін көрсетудің ортақ ішкі нарығын қалыптастыруға көмектеседі, көлік әлеуетін іске асыруға және көлік кешендерін дамытуға ықпал ететін болады.

Құжат ЕАЭО елдері жалауы аясындағы кемелердің басқа мүше мемлекеттердің ішкі су жолдарына өзара кіруін оңайлатады. Қазір су жолдарына кірудің рұқсат ету жүйесі қолданылады. Құжат хабарламалық жүйеге көшуге мүмкіндік береді: кемелердің мүше мемлекеттің жалауы аясында жүзуге қол жеткізуі хабарлама негізінде жүзеге асырлатын болады.

Енді кеме құжаттары, капитанның және кемелер экипажы мүшелерінің біліктілік құжаттары да өзара танылатын болады.

Келісім аралас ішкі су жолдарында кеме жалауының мүше мемлекеті мен басқа қатысушы ел арасында екіжақты жүк, жолаушы және олардың багажын тасымалдауға, сондай-ақ ішкі су жолдары бойынша транзиттік жүзіп өтуге құқық береді.

Еуразиялық экономикалық комиссия «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы 2018 жылғы өзара сауданың жай-күйі туралы» баяндаманы ұсынды.
Өткен жылдың тоғыз айы ішінде ЕАЭО өзара сауда айналымының құндық көлемі 2017 жылдың тиісті кезеңіне қатысты алғанда 44,2 млрд АҚШ долл. жетіп, 11,9% артты. Одақтың бірыңғай нарығы тауарының орташа бағасы өткен жылға қарағанда (112,7%) үлкен тұрақтылық көрсетті (104,4%). ЕАЭО өзара саудасы көлемінің салыстырмалы бағалардағы өсімі (7,2%) үшінші елдермен сыртқы саудадағы тауарлардың экспортының (5,4%) және импортының (4,2%) артуына қарағанда неғұрлым елеулі болып шықты.


ЕАЭО бірыңғай нарығын тауарлық әртараптандырудың өсуі де атап өтілді. Өзара саудада бәсекелестікті дамыту өз кезегінде Одақта шығарылатын тауарлардың сапасына оң әсерін тигізетін болады.
Баяндамада ЕАЭО нарығындағы кедергілерді біртіндеп жою, интеграциялық әлеуетке ие экономика салаларындағы практикалық ынтымақтастық сауданы одан әрі әртараптандыруға қызмет ететіні және мүше мемлекеттердің экономикалық өсуінің жандануына ықпал ететіні атап көрсетілді. Бұл бірыңғай нарықтың сыйымдылығын арттыруға, Одақ елдерінің өніміне орнықты және дұрыс болжанған сұраныс қалыптастыруға әкеледі.

Комиссияның «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі макроэкономикалық ахуал және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар туралы» баяндамасы тыңдалды.

Одақ елдерінің экономикасы өсу үрдісін сақтап отырғаны атап өтілді. Өткен жылдың қаңтар-қыркүйек қорытындылары бойынша өсімнің неғұрлым жоғары қарқынын Армения, Беларусь және Қазақстан көрсетуде – тиісінше 6%, 3,7% және 4,1%. Бұл кезеңде Ресей мен Қырғызстанның ЖІӨ тиісінше 1,6% және 1,2% артты.

Мүше мемлекеттердегі экономикалық өсу көбінесе өнеркәсіп өндірісі секторы мен қызметтер көрсету саласының өсуіне негізделіп отыр. Одақта өнеркәсіп өндірісінің, бөлшек сауда айналымының және құрылыстың оң серпіні байқалуда. Мысалы, өнеркәсіп өндірісі Арменияда - 6,7%, Беларусьте – 6,8%, Қазақстанда – 4,8%, Ресейде – 3% өсті. Өнеркәсіптің дамуы негізінен өңдеуші және кен өндіруші салалар есебінен қуатталды.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы биылғы сәуір-мамырда Ереванда (Армения Республикасы) болады.