Жүйеге кіру
ЕЭК Алқасы мүше мемлекеттердің шошқа етін, сүт және сүт өнімдерін өндіру саласындағы ынтымақтастығын дамыту жөніндегі ұсынымдарды мақұлдады

ЕЭК Алқасы мүше мемлекеттердің шошқа етін, сүт және сүт өнімдерін өндіру саласындағы ынтымақтастығын дамыту жөніндегі ұсынымдарды мақұлдады

02.07.2019
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасы 2 шілдеде макроэкономика, агроөнеркәсіптік кешен, үшінші елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, кедендік реттеу, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің ішкі нарығының жұмыс істеуі салаларындағы мәселелерді қарады.
ЕЭК Алқасы Еуразиялық экономикалық комиссияның үйлестіруімен мүше мемлекеттердің шошқа етін өндіру саласындағы ынтымақтастығын дамыту туралы ұсынымды мақұлдады. Құжат Одақ елдерінің 2013-2017 жылдар ішіндегі шошқа еті нарығын кешенді шолудың және ғылымның, бизнестің, шошқа өсірушілер одақтарының ұсыныстары негізінде дайындалған.
Шошқа еті Комиссия Кеңесінің 2016 жылғы 12 ақпандағы № 66 Шешімімен бекітілген сезімтал ауыл шаруашылығы тауарларының тізбесіне кіреді. Шошқа шаруашылығы серпінді дамып келе жатқан, экспортқа бағдарланған салалардың бірі болып табылады. 2013-2017 жылдар кезеңі ішінде шошқа етін өндіру көлемі мал шаруашылығы саласында құс етінен кейін 19% - ең жоғары өсім қарқынын байқатты. 2017 жылы Одақта 4,1 млн тонна шошқа еті өндірілді, өзін өзі қамтамасыз ету 94,2% құрайды. Сөйтіп, өнімнің үшінші елдерге экспортының көлемін ұлғайтудың алғышарттары жасалды.
Салада бар бірқатар проблемалардың мемлекетаралық ынтымақтастық шеңберінде бірлескен шаралар қабылдау арқылы шешімі табылуы мүмкін, бұл ұсынымда көрсетілген.
Ұсыным Одақтың шошқа өсірушілер қауымдастығын құруды көздейді. Құжат саланы ресурстық қамтамасыз етудің, оның Одақ елдеріндегі өндірістік, экспорттық әлеуетін дамытудың, олардың орындалуы өзара сауданы ынталандыруға мүмкіндік беретін интеграцияланған ақпараттық қамтамасыз етудің, шошқа етінің экспорты саласының, сондай-ақ шикізатқа импорттық тәуелділікті азайтуды қоса алғанда, саланың жұмыс істеуінің, шошқа өсіру, оларды сою және шошқа етін өңдеу кезіндегі өндіріс құралдарының тиімділігін арттырудың бірқатар шараларын қамтиды.
ЕЭК Алқасы Комиссияның үйлестіруімен мүше мемлекеттердің Сүт және сүт өнімдерін өндіру саласындағы ынтымақтастығын дамыту жөніндегі шаралар тізбесін мақұлдады. Ұсыным Одақ елдерінің сүт саласын талдау негізінде және мүше мемлекеттер өкілдерінің консультациялар жүргізуінің нәтижелері бойынша әзірленген.
Сүт және сүт өнімдері Комиссия Кеңесінің 2016 жылғы 12 ақпандағы № 66 Шешімімен бекітілген сезімтал ауыл шаруашылығы тауарларының тізбесіне кіреді.
2013-2017 жылдар кезеңі ішінде сиыр саны 0,8% - 13,9 млн дейін елеусіз артқанына қарамастан, тұтастай Одақ бойынша жалпы сүт сауу 4,2% - 45,3 млн тоннаға дейін өсті. Сүт өндірісінің өсуі Одақтың барлық елдерінде байқалды. Сонымен бірге, Арменияда, Ресейде және Беларусьта сиыр саны тиісінше 12%, 8,2% және 1,3% азайды. ЕАЭО-ның бұл елдеріндегі өндіріс көлемінің арттырылуына сиырлар өнімділігінің өсуі есебінен қол жетті.
Сүтті мал шаруашылығы саласын дамыту үшін ЕЭК Одақ елдеріне саланы ресурстық қамтамасыз ету, оның өндірістік, экспорттық және ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту, асыл тұқымды сүтті мал шаруашылығы жүйесін дамытуға жәрдем көрсету, жемшөп және жемшөптік қоспалар өндіру бағытында, сондай-ақ сала үшін ресурстар импортын алмастыру орайында бірқатар шаралар қабылдауға ұсыным жасады.
ЕЭК сүтті мал шаруашылығы саласына тікелей инвестицияларды тартуға, халықаралық қаржы институттарының қаражаттарын тарту есебінен қаржыландыру мүмкіндігімен кооперациялық жобаларды әзірлеуге және іске асыруға ықпал етуді ұсынады. Бұдан басқа, нарықтағы контрафактілік және жалған сүт өнімдерінің айналысына қарсы іс-қимыл мақсатындағы шараларды іске асыру ұсынылды.
Ұсыным ережелерін іске асыру өзара сауданы, сүт өнімінің экспортын көтермелеуге, сондай-ақ ірі қара малды сүт өнімін өндіру бағытында өсіру кезінде генетикалық материалға, шикізатқа, өндіріс құрал-жабдықтарына импорттық тәуелділікті азайтуды қоса, саланың жұмыс істеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
ЕЭК Алқасы Еуразиялық экономикалық комиссия мен Аргентина Республикасы Өндіріс және еңбек министрлігінің Агроиндустрия жөніндегі үкіметтік хатшылығы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум жобасын мақұлдады.
Құжат өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын, агроөнеркәсіптегі технологиялар трансферін, ауыл шаруашылығына инвестицияларды қоса, бірқатар бағыттар бойынша ақпараттар алмасу, консультациялар, бейнеконференциялар мен семинарлар өткізу арқылы Аргентинамен өзара іс-қимыл жасауды көздейді.
Бұл Комиссияға мүше мемлекеттермен бірлесіп ауыл шаруашылығы тауарлары мен азық-түлік саудасындағы тосқауылдарды анықтауға, оларды азайту әрі жою жөнінде ұсынымдар әзірлеуге, проблемалық мәселелерді шешуге және Одақтың аграрлық нарығының тиімділігін арттыруға, мүше мемлекеттердің өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласындағы заңнамалық және нормативтік-құқықтық базасын жетілдіруге мүмкіндік береді. Комиссияның Аргентинамен ынтымақтастығы өзара пайдалы іскерлік байланыстарды дамытуға және Одақ елдеріне инвестициялар тартуға ықпал ететін болады.
Латын Америкасы елдері арасында Аргентина агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жоғары деңгейімен көзге түседі. Бұл ретте республика ауыл шаруашылығының басым бағыттары мал шаруашылығын дамыту, сүт, астық және майлы дақылдар өндірісін арттыру болып табылады.
Бүгінгі таңда Аргентинаның ЕАЭО сыртқы саудасындағы үлесі елеулі емес, бұл ретте көбінесе азық-түлік тауарларымен және ауыл шаруашылығы шикізатымен сауда көлемін өсірудің жоғары серпіні байқалуда. 2015 жылмен салыстырғанда 2018 жылы ұн-жарма өндірісі өнімдері мен алкогольді және алкогольсіз ішімдіктер жеткізу практика жүзінде сегіз есе өсті, ал жануарлардан алынатын өнімдер экспорты үш еседен астам артты.