Жүйеге кіру
ЖЕЭК қорытындылары: Сингапурмен еркін сауда туралы келісімге қол қойылды, Ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы бекітілді, газ жеткізу және тасымалдау саласында құжаттар қабылданды

ЖЕЭК қорытындылары: Сингапурмен еркін сауда туралы келісімге қол қойылды, Ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы бекітілді, газ жеткізу және тасымалдау саласында құжаттар қабылданды

01.10.2019

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) 1 қазанда Ереванда (Армения) болған отырысында интеграция, халықаралық қызмет, қаржы саясаты, кедендік реттеу, энергетика және басқа бірқатар саладағы маңызды шешімдер қабылданды.

ЖЕЭК мүшелері Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын бекітті. Мүше мемлекеттердің үкіметтері мен ұлттық (орталық) банктеріне құжатты іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Тұжырымдаманы Одақ елдерінің ұлттық (орталық) банктері мен қаржы-экономикалық блогының министрліктері Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп әзірлеген. Тұжырымдама ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын реттейтін халықаралық келісімдердің жобаларын дайындау жөніндегі жұмысты жүйеге келтірді. Онда ортақ қаржы нарығының инфрақұрылымын құру бағыттары, Одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру мен дамытудың түбірлі бағыттарын іске асырудың кезеңділігі айқындалған.

 

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері Еуразиялық экономикалық одақтың 2020 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын мақұлдады.

 

Құжатта үшінші елдермен, өңірлік интеграциялық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықтың қазірдің өзінде бар механизмдері ұсынылған, Одақ байланысты тереңдетуге ұмтылып отырған ықтимал перспективалы әріптестер айқындалған.

 

Басымдықтар арасында – ТМД-ға қатысушы мемлекеттермен ынтымақтастықты тереңдету, Еуропалық одақпен, ШЫҰ, АСЕАН, АТЭЫ-мен жүйелі диалог құру бар. ЕАЭО үшін 2020 жылы басқа бір маңызды трек – олармен өзара іс-қимыл өзара экономикалық мүддені білдіретін үшінші елдермен, өңірлік интеграциялық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту болады. Одақтың тауарлары мен қызметтер көрсетуі әлі де жеткіліксіз ұсынылып отырған үшінші елдердің нарықтарына мүше мемлекеттер экспорттаушыларының қатысуы – ЕАЭО халықаралық қызметінің келесі жылғы мақсатының бірі.

 

Осы бағыттардың дамуы арқасында Еуразиялық экономикалық одақ мүше мемлекеттердің, сол сияқты шетелдік әріптестердің арасындағы ынтымақтастық үшін ашық, замани әлемнің неғұрлым маңызды даму орталықтарының бірі болуға тиіс. Бұл түбегейлі векторларды іске асыру экспорттың географиясы мен көлемін кеңейтуге, мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерін халықаралық өндірістік тізбектерге кіргізуге, жаңа кооперациялық байланыстар құруға, шетелдік инвестициялар мен технологиялар тартуға ықпал ететін болады. Сөйтіп,«интеграцияның интеграциясы» идеясы дамитын болады және Үлкен Еуразиялық әріптестік қалыптасады. Мүше мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту, шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында кооперациялық байланыстар қалыптастыру және Одақ елдерінің инвестициялық және инновациялық әлеуеттерін біріктіруден синергетикалық нәтижеге қол жеткізу мақсатында ЖЕЭК мүшелері «Еуразиялық апта» форумын Еуразиялық экономикалық форум деп қайта құруға шешім қабылдады.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына орайластырылатын іс-шара жыл сайын ЕАЭО органдарында төрағалық ететін мемлекетте өткізілетін болады. Форумның қатысушылары шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, іскер топтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болуға тиіс.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында Одақ туралы шартқа өзгерістер енгізуді көздейтін Хаттамаға қол қойылды.

Қабылданған өзгерістерге сәйкес аванстық төлемдерді кедендік әкелу баждарын, сондай-ақ арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарын төлеу есебіне жатқызу белгіленді. Бұрын аванстық төлем түрінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушы енгізген ақша қаражатын бұл төлемдерді төлеу үшін пайдалану мүмкін болмады. Одақ туралы шартқа бұл өзгерістер күшіне енгеннен кейін кедендік және өзге төлемдердің барлық түрін аванстық төлемнен шығарып тастауға болады. Бұл түзетулер СЭҚ қатысушыларының шығындарын ықшамдауға және кедендік әкелу баждары мен өзге төлемдерге әкімшілік жүргізуді оңайлатуға мүмкіндік береді деп бағамдалуда. Өзгерістер Хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Одақтың барлық мемлекеті орындағаннан кейін күшіне енеді.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес ЕЭК-тің Жұмыс регламентіне өзгерістер енгізді.

Бұл ЕАЭО-нің кедендік аумағына әкелінген тауарлардың бақыланып отыру механизмі туралы келісімге биылғы мамырда Одақ елдері Президенттерінің қол қоюына байланысты Комиссияда пайда болған жаңа өкілеттіктерге орай туындады. Өзгерістерге байланысты бірқатар мәселе бойынша шешімдерді ЕЭК Кеңесі қабылдайтын болады. Олардың арасында – бақыланып отыратын тауарлар тізбесін бекіту; тауарларға қатысты бақыланып отыру жүзеге асырылмайтын жағдайларды айқындау; тауарлар туралы мәліметтерді ұлттық бақыланып отыру жүйесіне енгізу мерзімдерін, сондай-ақ мұндай мәліметтерді жүйелерде сақтау мерзімдерін айқындау бар. Бұдан басқа, ЕЭК Кеңесі тауар айналымын жүзеге асырушы тұлғалардың тауардың ілеспе құжаттарын электрондық түрде ресімдеуі міндетті болмайтын жағдайларды айқындайтын болады; бақыланып отыру механизмін ендірудің пилоттық жобасын іске асыру мерзімдері мен талаптарын белгілейді және т.б. Келісімді іске асыруға байланысты мәселелердің бір бөлігін қарау ЕЭК Алқасына жүктелді. ЕАЭО-ның кедендік аумағына әкелінген тауарлардың бақыланып отыру механизмі туралы келісімнің осы механизмнің жұмыс істеу тәртібін айқындайтынын еске сала өткен жөн. Оның негізінде – Одақтың әрбір елінде тауардың ілеспе құжаттарынан алынатын бақыланып отыру үшін қажетті мәліметтерді шоғырландыратын ақпараттық жүйе құру арқылы тауарларды құжаттық есепке алу бар.

ЖЕЭК мүшелері «Мүше мемлекеттер арасындағы газ жеткізу және тасымалдау саласында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің заңнамасын үндестіру туралы» өкім жобасын мақұлдады.

 

ЖЕЭК-тің 2018 жылғы желтоқсандағы шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру бағдарламасында және қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында 2019 жылы мүше мемлекеттердің осы саладағы үндестіруге жататын нормативтік құқықтық актілерінің тізбесін дайындау, анығында, үндестіру қағидаттарын айқындау көзделді. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің өкімі қажет болған кезде және Одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыруға қатысты актілерді әзірлеу шамасына қарай мүше мемлекеттердің ұсыныстары негізінде ЕАЭО елдері арасындағы газ жеткізу мен тасымалдау саласындағы үндестіруге жататын ұлттық нормативтік құқықтық актілердің тізбесін дайындауды көздейді. Сондай-ақ құжат мүше мемлекеттердің осы саладағы заңнамасын үндестірудің қағидаттарын айқындады.

Татьяна Валоваяның (Ресей) орнына Интеграция және макроэкономика жөніндегі министр лауазымына тағайындалған Сергей Глазьев (Ресей) – Комиссия Алқасы құрамындағы жаңа адам. Сергей Глазьев бұрын Ресей Федерациясы Президентінің кеңесшісі лауазымында болған.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы желтоқсанда Санкт-Петербургте болады.​​